17 қазан күні Жәнібек ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Өзіңнен баста!» жобасын аясында аудандық прокуратураның бастамасымен және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан аумағындағы ауылдық округтердің учаскелік инспекторлары арасында «Ең үздік учаскелік инспектор» атты сайыс оздырылды. Сайысқа полиция инспекторлары мен олардың көмекшілері – барлығы он бір қызметкер қатысты. Үш кезеңнен тұратын сайыста қатысушылар өз білімдері мен тәжірбиелерін көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша әділқазылар алқасының шешімімен Талов ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Дәурен Әбдірахманов «Ең үздік учаскелік инспектор», Қамысты ауылдық округі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Тұрарбек Абдолов «Ең үздік презентация», Тау ауылдық округі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Руфат Қабиев «Ең құрметті учаскелік инспектор» аталымындарын иеленді.

13 қазан күні сенбілік ұйымдастырылып, Жәнібек ауылының А.Байтұрсынов көшесіндегі саябаққа мекеме- ұйымдардың қызметкерлері Орал орман шаруашылығынан әкелінген 300 түп сүмбіл терегінің көшеттерін отырғызды.

11 қазан күні Тау ауылдық округінде аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Ахмедияр Батырханов басылымның оқырмандарымен кездесті. Кездесу барысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында ойын өрбіткен газет басшысы мектептегі оқушыдан бастап, ауылдың шежірелі қарияларының басын біріктіріп, ауылдағы жер-су атауларының шығу төркінін, өлкеде өсетін дәрілік шөптер, аң мен құстар, әр рудың шежіресін паш етер құнды тастар – құлпытастардың орнын анықтап, картаға түсіру, киелі жерлер туралы мағлұмат жинау хақында кеңінен айтып өтті. Сонымен қатар іссапар барысында аудандық «Рухани жаңғыру» бағдарламасыныі іс-шаралар жоспарының «Рухани қазына» кіші бағдарламасына сай Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен ауданы еңбеккерлерінің жанкешті еңбегі мен өшпес рухын ұрпаққа насихаттау мақсатында ауданымыздың әр ауылдық округтеріндегі тыл ардагерлерін бейнетаспаға түсіру туралы аудан әкімі Азамат Сафималиевтің қолдауымен ауқымды шараны қолға алып, бүгін осынау игі істі нақ Тау ауылынан бастап отырғанын жеткізді.

11 қазан күні Жақсыбай ауылдық округінде жазғы спорт алаңы пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Азамат Сафималиев қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Шараның соңы ауыл-аймақтардан келген жасөспірім спортшылардың шағын футболдан жолдастық кездесуімен өз жалғасын тапты.

11 қазан күні Жәнібек ауданының әкімдігінде БҚО бойынша әдеп жөніндегі уәкіл Айгүл Есекеновамен кездесу өтіп, оған аудандық дербес бөлімдердің басшылары, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік әкімшілік қызметкерлері, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты. Кездесуде Айгүл Оразқызы ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсанда №153 Жарлығымен бекітілген ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі жөнінде сөз сабақтап, осы орайда мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін жауапкершілік пен талаптың қатаңдатылатынын, сондықтан қызмет барысында және одан тыс уақытта әдеп нормаларын қатаң сақтау қажеттігін айтып, сөзін нақты мысалдар келтіре отырып дәйектеді. Кездесуді қорытындылаған Жақсылық Кәримоллаұлы жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасында ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптарын бұзғандардың жоқтығын, осы бағытта мемлекеттік қызметшілермен құқықтық оқулар, сауалнамалар ұйымдастырылып отырылатынын айтып өтті.

10 қазан күні аудандық орталық ауруханада аудандық ақпараттық топ мүшелері медицина қызметкерлерімен кездесіп, Жолдауды талқылады. Елбасының Жолдауында денсаулық саласына баса назар аударылғандығы туралы атап өтілді, өз кезектерінде медицина қызметкерлері Жолдауды қолдайтындықтарын білдірді. «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» демекші, еліміздегі тиімді саясаттың арқасында медицина саласының тамырына қан жүгіретіні хақ.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру:» атты мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында және Жәнібек ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шағын футболдан ерлер арасында ашық турнир оздырылды. Оған көршілес Волгоград облысының Палласовка қаласынан, Бөкей Ордасы, Казталов аудандарынан, Жәнібек ауданынан командалар қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орын алған командалар марапатталып, сертификаттар табыс етілді.