15-18 қазан аралығында жергілікті әнші, бірнеше облыстық байқаулардың жүлдегері Райымбек Каримов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау мақсатында Қамысты, Борсы, Жақсыбай және Талов ауылдарында болып тұрғындарға жеке шығармашылық концертін тарту етті. Жоғары дәрежеде өткен кеште рухани демалған халық әншіге ризашылықтарын білдірді.Сонымен қатар кеште Райымбекті қолдап келген әріптес көркемөнерпаздар да өз өнерлерін паш етті. Концерт соңы жастардың би кешімен жалғасын тапты.

Рухани жаңғыруда қойылып отырған маңызды мәселенің бірі «сананың ашықтығы». Жаһандану үрдісіндегі басты талап әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашады. Әлемдік озық тәжірибе мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызатыны анық.

Елбасы рухани жаңғыру жолында таяу жылдары атқарылуы тиіс негізгі міндеттерді де нақты анықтап беріп отыр. Соның бірі латын әліпбиіне көшу. Бұл орайда, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдайтын боламыз.

Білім беру жүйесінде дүниежүзінде баламасы жоқ бағдарлама іске асырылатын болады. Әлемдегі ең жақсы әр түрлі тілдердегі 100 оқулық қазақ тіліне аударылады. Бұл халқымыздың білімін әлемдік кеңістікке, ғаламдық деңгейге алып шығуға тың серпін беретіні сөзсіз. Сондай-ақ, Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғырудың негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре жүзеге асыру болғандықтан, біз екі арнада мұны іске  асыруымыз қажет. Оның бірі ғаламдық жетістіктерді өзімізге әкелу арқылы жаһандық дамуда өз үлесімізді алу. Екіншісі, өткен тарихымыз бен дәстүрлерімізден асыл құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу. Бұл бағытта біздің ауылдың аумағында дүниеге келген ғұлама ғалым, философ, ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараштың зиратын қоршап, жаңғырту қолға алынды. Мұның өзі болашақ ұрпақтың ата-баба рухына тағзым етуінің бір көрінісі болып саналады.

Елбасы ұсынған рухани жаңғыру бағдарламасы оны дәйекті түрде жүзеге асыру тұрғысынан жан-жақты талқылау мен зерделеуді қажет ететін маңызды құжат болып табылады. Бұл жерде, немқұрайлық пен дүмбілездік орын алмауы тиіс. Өйткені, бұл мәселе біздің ұлтымыздың болашағы мен рухани әлеуетіне тікелей қатысты. Түптеп келгенде, бұл күйзеліс пен дүрбелеңнің, сонымен қатар,  прогресс пен дамудың алмағайып кезеңінде Қазақстанның экономикалық және технологиялық жаңғыруының идеологиялық негізі. 

 

Айгүл Бекқалиева,

Борсы ауылдық округінің әкімі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында адамның құндылығы, рухани байлығы, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға аса мән берілген. Елбасының руханиятқа, білімге, ғылымға мән беруі – үлкен көрегендік. Бұл жұмыс дер кезінде жасалып жатыр, енді оны халыққа жеткізе білу керек. Бұл – еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан жұмыс.

Елбасының саясатын іске асыруда, әр жылдары жолданған Жолдаулары мен мемлекеттік бағдарламаларын халыққа жеткізіп, жастарға насихаттап жүретін аудандық ардагерлер кеңесінің ақсақалдары. Көзкөрген қариялар жастарды тәрбиелеуде, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білуде аянбай еңбек етіп жүр. Өз басым аудан орталығына  барған кезде арнайы ардагерлер үйінің жұмыс барысымен танысқан едім. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Мырзағалиұлы басқарып отырған мекеме жылдан жылға көркейіп келеді. Ауданның шежіресі, Елбасының Жолдаулары, іске асырылып жатырған жұмыстар, еліміздің қол жеткізген жетістіктері стендтегі фотосуреттер мен жазбалар арқылы сайрап тұр. Әсіресе ауданның шежіресі мұрағат құжаттары арқылы жақсы берілген. Сонымен қатар саяси-экономикалық, тарихи, мәдени бағыттағы жинақтар мен кітаптардың қатары да көп.

Жақында республикалық ардагерлер кеңесінің құрылғанына  30 жыл толуына орай аудандық ардагерлер кеңесінің осы күнге дейін атқарған жұмысына да куә болдық. Міне, осындай данагөй, білімді, көпті көрген, аузында дуалы сөзі бар ақсақалдарымыздың арқасын да еліміздің жастары бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, олардан үлгі алады. Біз әрқашан үлкенді құрметтеп, олардың жолын кеспеген, «ардагерлерді ардақтайық» деген сөзді санамызға сіңірген ұрпақпыз. Өйткені олардың ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі өлшеусіз. 

Сонымен қатар қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін, ең бастысы, мем-лекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, қазақи рухымызды жаңғыртуда ақсақалдарымыз аянбай еңбек етіп, түрлі қоғамдық, мәдени шаралардың басы-қасында жүреді. Ақыл-ойы толысқан, көпті көрген ақсақалдарымыздың ақылдылығының арқасында біз болашаққа нық сеніммен қарай аламыз. Өйткені олар жеткіншек ұрпақты «адам» етіп тәрбиелеуде, жастардың санасын рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруда аянбай еңбек етіп жүр. Сіздердің салып кеткен сара жолдарыңызды біз әрқашан құрметтейміз, үлгі аламыз.

 

Кенжебек Еркегулов,

Тау ауылдық округінің әкімі

13 қазан күні Жәнібек колледжінің акт залында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бекежан Шарафутдинов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев колледж студенттерімен ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған қазақ тілін латын әліпбиіне біртіндеп көшіру жобасы бойынша «Латын графикасына көшу − заман талабы» ақпараттық-насихаттау шараларының аясында кездесу өткізді. Кездесу барысында қатысушылар қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің артықшылықтары мен тиімді тұстары туралы өз пікірлерін білдірді. Ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері оқытушылар мен студенттердің қызығушылығынан туындаған сұрақтарға тұщымды жауап берді.

7 қазан күні Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухан жаңғыру» мақаласы аясында  және  «Аудан күні» орай «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» атты жерлестер форумы оздырылды. Салтанатты шараның ашылуы мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахым Ықсановтың ескерткішіне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтар мен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Содан соң аудандық мәдениет үйінің фойесінде «Ұлы дала құндылықтары» атты жоба аясында БҚО тарихи-өлкетану музейінің қоры туралы және Теректі ауданының Долинное елді мекені маңында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Тақсай обасынан табылған «Алтын ханшайым» туралы жан-жақты таныстырылып өтті. Шара әрі қарай  «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатырған «Жерлестер» форумына жалғасты.  Форум жұмысына облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар қатысып, облыс әкімі Алтай Көлгіновтың және облыстық мәслихат пен Орал қалалық мәслихаты депутаттарының құттықтау хатын оқып берді. Жерлестерге Үндеу жарияланып, форум жұмысы ауданның Гимні «Жәнібегім» әнімен өз мәресіне жетті.

Кешкілік орталық алаңда аудан өнерпаздарының, әнші-сазгер Дәурен Сейітжановтың және Тасқала ауданының «Шежіре» халықтық-фольклорлық ансамблінің концертік бағдарламасы беріліп, бағдарлама от шашумен аяқталды.

4 қазан күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Аудан күніне» орай аудандық демалыс саябағында «Шеберлер мекені» фестивалі өтіп, тұрғындар аудандағы қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Көрмеге ағаштан, былғарыдан, матадан жасалған бұйымдар шығарылды.

4 қазан күні аудандық демалыс саябағында «Болашаққа бағдар:туған жер тарихы және жастардың кемел келешегі» аудандық мега-жобасын қорытындылау концерті өтті. Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында ауданда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл шара 18 қыркүйек күні бастау алып, бүгінгі таңға дейін жалғасын тапқан. Мега-жобаның басты мақсаты – ауыл жастарының патриоттық сезімдерін жоғарылатып, бір-бірімен тәжірибе алмастырып, туған өлке табиғатымен таныстыру болатын. Концерт барысында аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов белсенді жастардың бір шоғыр тобына алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті. Қорытынды концертте ауылдық округтерден келген өнерпаз жастар өнер көрсетті.