Құрметті Жәнібек ауданы

әкімдігінің ресми сайтына келушілер!

Жәнібек ауданы әкімдігінің ресми сайтына қош келдіңіздер.

 

Жәнібек ауданы облыстың оңтүстік – батыс бөлігінде орналасқан, Ресей Федерациясының үш ауданымен шекаралас жатқан аудан. Өңірдің ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік, инфрақұрылым салалары серпінді дамуда. Жылдан – жылға ауданда заман талаптарына сай келетін жаңа білім беру ошақтары, спорттық және мәдени – сауықтыру нысандары іске қосылып, жөндеуден өткізілуде. Елді-мекендердің келбеті көркейіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Ауданның оқушылары, спортшылары мен көркемөнерпаздары түрлі деңгейде ұйымдастырылатын байқаулар мен сайыстарда жоғары орындарға ие болуда.

Жәнібек өңірі еліміздің ұлы перзенттері Ғұмар Қараш, Хаби Халлиулин, Хамит Чурин, Ерденбек Ниетқалиев, Мәншүк Мәметова және тағы басқа даңқты тұлғалардың кіндік қаны тамған жері, Ұлы Отан соғысы кезінде майданның ең жақын тылы болып, әскери шайқастарға тікелей қатынасқан аудандардың бірі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сай тұрғындардың ақпараттық сауаттылығын арттыру, жаңа технологиялар мен әдістерді енгізу арқылы билік пен халық арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі жетілдіру мақсатында «Электронды Үкімет» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, жүзеге асуда.

Жәнібек ауданы әкімдігінің ресми сайты арқылы сайтқа келушілер ауданның тарихы туралы мағлұмат алуға, қазіргі кездегі өңірдің әлеуметтік – экономикалық жағдайы жөнінде және аудан аумағында атқарылып жатырған жұмыстар туралы ақпарат алуға, өзін толғандыратын мәселелер бойынша ұсыныстар, сын – пікірлер беруге, сондай-ақ қойған сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік алады.

Ресми сайтты толыққанды іске қосу мемлекеттік органдар ұсынып отырған мемлекеттік қызметтердің сапасы арттыруға, Елбасы жүктеген міндеттерді орындау мақсатында саяси – экономикалық реформаларды жүзеге асыру арқылы ел экономикасын нығайтуға жағдай жасамақ.

Сіздермен бірлесе отырып еліміздің өркендеуіне әркез адал қызмет жасауға дайынбыз.

Біздің сайтқа қош келдіңіздер!

Игі құрметпен,

Жәнібек ауданының әкімі

А.С.Сафималиев

  

 

Жаңалықтар


Қол күресінен ашық біріншілік өтті

20.11.2017

19 қараша күні Қамысты ауылындағы Е.Ниетқалиев атындағы орта мектебінде қол күресінен 2000 жылы туған және одан кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында жеке және командалық Жәнібек ауданының ашық біріншілігі өтті. Шараның мақсаты салауатты өмір салтын насихаттау, қол күресі спортын кеңінен тарату, өскелең ұрпақты спортқа, сауықтыруға және дене шынықтыруға баулу. Оған Қазталовка ауданының спортшылары , Жәнібек, Тегісшіл, Тау және Қамысты ауылдарының командалары қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен марапатталды.


Ардагерлер арасындағы сайыс

14.11.2017

11 қараша күні Қамысты ауылында өшпес ерлігімен аты мәшһүр болған қазақтың қайсар қызының есімін ұлықтау мақсатында ардагерлер арасында аудандық шахмат пен бильярд ойындарынан турнир оздырылды. Шара соңында жеңімпаздарға диплом мен медаль, естелік сыйлықтар табыс етілді.


Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтті

14.11.2017

9 қараша күні Жәнібек аудандық мәдениет үйінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай мерекелік концерт оздырылды. Шара алдында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы бейнеролик көрермендер назарына ұсынылды.Сонан кейін аудан әкімі Азамат Сафималиев әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін кәсіптік мерекесімен құттықтап, бір топ қызметкерлерге алғыс хат табыстады.


Ауылшаруашылығына арналған семинар

06.11.2017

27 қазан күні Жәнібек колледжінде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доценті Айгүл Казамбаева, ауыл шаруашылығы кооперация бөлімінің басқарма басшысының орынбасары Нұрболат Макашев, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов арнайы келіп, ауыл әкімдеріне, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарына, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандарына, шаруалар мен шаруа қожалығы иелеріне, ауыл шаруашылығы кооперативтерін басқару негіздері мен артықшылықтары жөнінде семинар-кеңес өткізді. Семинар барысында қатысушыларға ауыл шаруашылық кооперативтерін құру, несиелеу және субсидиялау мәселелері жөнінде кеңінен мағлұматтар берілді. Шаруалар мен шаруа қожалығы иелері айналысып жатқан кәсіптері хақында көкейлеріндегі сұрақтарды қойып, тұшымды жауаптарын алды. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар берілді.


Ақпараттық жүйе туралы кездесу

26.10.2017

26 қазан күні Жәнібек ауданы әкімдігінде «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі жұмысының жәйі туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Нұрдәулет Ильясов аудандық дербес бөлімдердің басшы, қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесуде аталған басқарманың бас маманы 2015 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Е-қызмет» персоналды басқарудың ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін енгізгенін, қазір бұл жүйе барлық аудан әкімдігі аппараттарында, дербес бөлімдерде жұмыс істеп тұрғандығын туралы қысқаша айтып өтті. Кездесу барысында ол аталған ақпараттық жүйе қызметінде қордаланған мәселелер жөнінде жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, бұл түйіндер хақында жазбаша ұсыныстарын жолдауды сұрады.


Барлық жаңалықтарды оқу ...