Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн-бойымыздағы рухани құндылықты жаңғыртуға үндеді. Елімізді рухани жаңғыруға бастаған осы мақала жұртымызға парасатты ой, пайымды пікір тастады. Әлемде түрлі ұлт болса, оның өзіндік салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болатындығы сияқты, әр халықтың ұстанған діні де бөлек. Солардың ішінде мұсылмандар құрмет тұтқан ислам діні – ибалылықты, инабаттылықты насихаттайды. Ислам сөзі – «амандық, есендік, мойынсұну, бағыну, берілу» ұғымын білдіреді. Яғни, ислам амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл турасында: «Біз сені әлемге тек рақым етіп қана жібердік», - делінген. Сан ғасырлар бойы мұсылмандар осы ерекшелікпен өздіндерін мақтан етіп, насихаттауда.

Ислам діні қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін: өзгенің ақысын бұзбауға, әділ болуға, жақсы қатынас жасауға, жақсы мінезге ие болуға, мейірімді және кешірімді болуға бұйырады. Демек, ислам діні бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікке шақырады. Осы турасында Пайғамбарымыздың мына бір хадисінде: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе,бірге болуға мән берсін» делінген. Алайда, бүгінде жер-жерде саңырауқұлақтай қаптаған түрлі миссионерлік топтар мен дәстүрлі емес діни ағымдар алдап-арбау жолымен, идеологиялық құрал арқылы елдің бірлігіне іріткі салуда. Әсіресе, оның ықпалына көбіне жастар ұрынып жатады. Сол себепті де өсіп келе жатқан жас жеткіншектердің секталардың шырмауына түспеуі үшін олардың арасында діни сауаттылық бойынша жұмыстар жүргізіп отыру қажет. Жастарды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу бағытында аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Жақсыбай ауылдық кітапханасында «Жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу –кітапхана жұмысының негізгі бағыттарының бірі» тақырыбында семинар,  аудандық кітапхананың оқу залында «Имандылық – тек сенің жүрегіңде» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстел отырысында жастардың қатысуымен  имандылық мәселелері кеңінен ой талқысына түсті. Осындай шараларда халқымыздың ғасырлар бойы Алланың тура жолымен жүргендігі, тәуелсіз елімізде дінаралық, ұлтаралық тұрақтылықтың салтанат құрып отырылғаны атап өтіліп, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанда дін қоғамнан бөлінбегенін, сондықтан да мемлекет бұл саладағы қоғамдық қатынастарды реттеуден шет қала алмайды. Сондай-ақ діни сенім адамгершілік негіздерінен құралғанын және аса ірі гуманистік әлеуетке ие екендігін ұмытпауымыз керек. Біз оны қоғамның рухани құндылықтарын дамытуға, қазақстандық патриотизмді, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға және діни экстремизмнің алдын алуға пайдалануымыз қажет» деген сөзіне сүйене отырып, ел келешегі тіліміз бен дініміздің өсіп-өркендеуіне тікелей байланысты екендігі әңгіме арқауына айналды. Шүкіршілік дейміз, ауданымызда діни ахуал тұрақты. Мешіттерімізде сауатты да білікті имамдар қызмет етуде. Жасап  жатырған жұмыстары халыққа ұнамды. Үгіт-насихат уағыздары жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, мешіттің тек ғибадат орны ғана емес, білімнің де ордасы екендігі ескеріліп, аудан тұрғындары, жасөспірімдер үшін жұма күндері, жазғы демалыс уақыттарында дінашар, аят үй-рету курстары бойынша сауатын ашуға мүмкіндік қарастырылған. Тек, осыған ата-аналар ықылас білдірсе деймін. Әр отбасында ата-аналар, үлкендер дәстүрлі ислам тәрбиесі турасында балаларына ақыл-ке-ңес беріп отырғаны жөн. Олардың кешкілікте қайда болатынынан хабардар болуы, көшеде бейәдеп қылық танытпауын қадағалауы тиіс. Тәрбие басы – отбасыдан. Жастарымыз намазға тұрса, ата-аналар тарапынан сырттай бақылау жүргізілгені дұрыс.

«Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа» деп Бұқар бабамыз айтқандай, қазіргі қоғам иман ізгілігін қажетсінеді. Тегінде, қиянат, зұлымдық атаулының бәрі имансыздықтан шығып жатады. Атақты ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби баланы алдымен  тәрбиелеп барып, білім бергенді мақұлдаған. Тәрбиесіз білімнің қауіпті екенін аңдаған.

Тәрбие неден туындайды? Тәрбиенің анасы кім? Әлбетте, ол – иман. Иман –барша адамзаттың баласының жүрегіне ұялайтын нұр. Адам иман арқылы ақ пен қараны ажырататын дәрежеге ие болады. Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде: «Әкенің міндеті – өз балаларына жақсы тәрбие беріп, есімдердің ең жақсысын қоюы»,-дейді.

Біз бүгін тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет етіп, білімді, иманды, ибалы, Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиелеу жауапкершілігі жүктелген заманда өмір сүріп жатырмыз. Иман бұлағынан сусындаған адам арына дақ түсірмейді. Өйткені, ислам адамгершілік құндылықтарды қастерлеуге үндейді. Дәстүрлі діннің негізгі мақсаты - ізгілік пен адамгершілік ұстанымдары аясында тоғысады, ендеше, балаларымыздың болашақта дұрыс жолға түсуіне әр ата - ана жауапты әрі міндетті екенін ұмытпайық, ағайын!

Бекежан ШАРАФУТДИНОВ,

аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,

дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы