Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында халқымыздың көкейінде жүрген көп сұрақты дөп басып, сананың сілкінуіне сеп болған өзекті ойымен бөлісті.Қазақстанның алға қойған мақсатының бірі – өркениетті, бәсекеге қабілетті, азаматтары сауатты әлемдегі 30 елдің қатарына ену екендігі белгілі. Елбасы осы кезге дейін тарихымызды түгендеуге негіз болған «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» атты бағдарламалар туралы айта келе, «еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», - деп әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағыттарын атап көрсетті. Ұстаздық қызмет етіп жүргендіктен білім, ұлттық сана салаларына қатысты бөлімдерге тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Мақалада Елбасы «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» туралы өте тамаша айтты, өйткені ХХ ғасырдың басында Еуропаның алдыңғы қатарлы  елдерінің құрамына қосыла бастаған патшалы Ресей империясының 1917 жылы Ақпан буржуазиялық революциясы мен Қазан төңкерісінен кейін дамудың эволюциялық емес революциялық жолын таңдап алғаны белгілі еді. Нәтижесінде қарудың күшімен тұрғызылған империя  арада жетпіс жыл өтер-өтпестен құрдымға кетті. Ресей Федерациясы бастаған КСРО құрамындағы одақтас елдердің барлығы дамудың капиталистік жолына қайта айналып келді. Қазіргі Араб елдеріндегі, Шығыс Еуропадағы саяси жайттарды көріп, саралай отырып, революциялық-төңкерісшіл жолмен билікке келудің арты жақсылыққа апармайтындығына көзіміз жетіп отыр.

Ұлт көшбасшысының көкейге қонымды ұсыныстарының бірі – «Туған жер» бағдарламасы болып отыр. Отанның үлкен тарихы өзіміз туып-өскен өлкеден басталатындығы анық. Өзіміздің кішкене Отанымыз туған жердің тарихын білу баршаға міндет. Сайып келгенде бұл бағдарлама өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуде таптырмас құрал. Бір ғана мысал, ауданға, ауылға қонақ келгенде жергілікті тарихи маңызы бар деген жерлерді көрсететіндігіміз шындық қой. Ал сол өзіңіз туып-өскен жердің тарихын білмей, сырттан келген қонақтың алдында баяндай алмай күмілжіп қалу ұят нәрсе, азаматтығымызға сын. Елбасының аталмыш мақаласы өлкеміздің тарихшыларына, тіл мамандарына тіптен өлке тарихына бейжай қарай алмайтын азаматтарға үлкен міндеттер жүктеп отыр. Елбасы тарапынан туған ел, жер тарихына қолдау болып жатқанда шетте қалу жарас-пайды деген ойдамын.

Ержан ОРАЗОВ,

Ғ.Сарыбаев атындағы ЖББОМ

мектеп-балабақша кешенінің

тарих пәнінің мұғалімі