Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғырту үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады.Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп жазған. Мақалада рухани жаңғыруға қарай жасалған қадамдардың замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртуға негізделуі тиіс екендігі айтылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Б.Әметов «Заң» газетінің 2017 жылғы 2 маусымдағы №42 санында жарияланған «Билер дәстүрі құнын жоғалтпайды» атты мақаласында «Қазіргі қазақ сотында билер дәстүрі рухани құндылығын жойған жоқ. Билердің даналық сөздері заман жаңарған сайын тот баспайтын алмастай жарқылдап, өткірлігі  мен өзектілігін күшейте түсті» деп жазған болатын. Бүгінгі судьялық биліктің түп төркіні Ұлы Далафилософиясымен сабақтасқанын соңғы жылдары билер сотының дауды бітімгершілік жолымен шешу тәсілі жаңғыртылып, қайтадан қолданысқа енгізіле бастағанынан көруге болады. Солардың алғашқы жаршысы Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы болды.

«Медиация туралы» заңның  қабылдануы  дала заңдарының бастауына қайта оралу моделі, сот ісіндегі билер төрелігін жаңғыртудағы алғашқы құқықтық акті. ҚР Азаматтық процестік кодексіне енгізілген татуластыру рәсімдері туралы жаңа тарауы, даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы ереже, ҚР Қылмыстық кодексіндегі қылмыстық жауаптылықтан медиация тәртібімен татуласуға байланысты босату, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Жоғарғы сотының, облыстық соттар мен облыстық әкімшіліктердің өзара қол қойған меморандумдары медиацияның  қоғамда өз орнын алғандығын көрсетеді. ҚР «Медиация туралы» Заңы қазақ халқының әдет-ғұрпында ежелден бар билер сотының бітімгершілік дәстүрін қайта жаңғыртуға жол ашып, кеңінен қолданылу кезеңін бастады. «Сот шешіміне бір ғана тарап қанағаттанады, екі тарапты да қанағаттандыратын сот шешімі болмайды» деген ұғымды ҚР «Медиация туралы» Заңы түбегейлі өзгертті. Атап айтқанда, осы Заңның 3-бабының 1) тармақшасы дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізуді медиацияның мақсаты екендігін бекітті, яғни дауды (дау-шарды) өзара келісім арқылы реттеу жолын айқындап берді. Ал, даудың келісіммен аяқталғанынан екі тараптың да ұтары бар, ол тек қана уақыты мен ақшасы ғана емес, адами бет-бейнесі де. Дауласушылардың бәрін қанағаттандыратын келісімге қол жеткізу медиаторлардан бұрынғы би-шешендердің көрегендігін, тапқырлығын және шешендігін оқып - біліп қана қоймай, оны қазіргі заманға лайықтап қолдана білуді талап етеді. Медиацияның ерекшелігінің бірі-дауласушылардың өзара келісімге келіп, қарым-қатынастарын сақтап қалуына жәрдем жасайтындығында. Осы орайда айта кетер жайт, жақында өткізілген Жәнібек ауданының кәсіби емес медиаторларының  жалпы жиналысында кәсіпқой  емес медиаторлар өздерінің еңбектерін есепке алып, тәжірибелерін жинақтап отырған органның жоқтығы туралы және заңдағы «кәсіпқой емес медиаторлар» деген сөздің кәсіби емес негізде жұмыс жасайтын  медиаторлардың біліктілігіне нұқсан келтіріп тұр деген пікірлерін айтты.   Сонымен қатар, кәсіпқой  емес медиаторларды дайындау, оқыту, олардың біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар қолға алынуы қажеттігі сөз болды. Осы жиналыстан соң алдымен медиатордың көмегімен дау-жанжалды сотқа дейін жеткізбей, өзара келісіммен де бітіруге болатыны туралы түсіндіру жұмыстарын әрі қарай жалғастыра отырып, медиаторлардың  халық сеніміне ие болуына жәрдемдесу қажет деген ойлар келді. Біздің ойымызша, ауылдық жерде негізінен кәсіпқой емес медиаторлар жұмыс жасайтындықтан, халыққа жақын әрі қолжетімді оларды «Би» деп атасақ, өйткені бұл атаудың  өз тарихы бар, бұрыннан халыққа етене таныс, қолданыста бар сөз.   Кәсіби емес медиаторға деген сенімді арттырып, бітімгершілік дәстүрінің қарқын алып, кеңінен жайылуына септігін тигізер деген мақсатта ҚР «Медиация туралы» Заңының 2-бабының 2) тармақшасындағы  «Медиатор - осы Заңның талаптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға» деген сөздерді 2) «Медиатор - осы Заңның талаптарына сәйкес кәсіби негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға», 2-1) «Би-кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға» деген сөздермен ауыстыру туралы ойымызды талқылау үшін ортаға саламыз.

Н.ЖҰМӘЛІ,

аудандық соттың

судьясы