«Өнерлі өрге жүзер»

30 қыркүйекте  Орал қаласында өткен облыстық «Дала дарындары» жастар шығармашылығы  облыстық фестиваліне ауданымыздың намысын қорғап,белсене қатысқандар «Академиялық ән айту» жанры бойынша  жетістігі үшін II дәрежелі дипломмен Ақтоты Ешматова және «Бейнелеу» жанры бойынша сәндік қолданбалы өнердегі ерекше шеберліктері үшін III дәрежелі дипломмен Жарқын Ганиенва марапатталды.

 

«Күй - ғұмыр» атты күйшілер байқауы

Көршілес Бөкей Ордасының орталығы Сайқын ауылында Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және аудандық «Орда жұлдызы» газетінің 85 жылдығына орай «Күй-ғұмыр» атты аймақтық  күйшілер сайысына Жақсылық Қаздөкұлы Бисенгалиев қатысып жүлделі үшінші орынды иеленді.

 

 

 

«Қариялар - асыл дариялар» атты мерекелік концерт

1 қазан -Дүниежүзілік қариялар күні мерекесіне орай аудандық Мәдениет үйінде «Барлық құрмет үлкендерге» мерекелік  шара  оздырылды. Салтанатты жиында аудан әкімі Мұрат Рахметұлы Мұқаев барша жиналған қауымды БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 1990 жылдың  желтоқсан айындағы шешімімен «1 қазан-Дүниежүзілік қариялар күні» деп белгіленуі себепті барша қария-ардагерлерді  мерекемен құттықтап игі тілегін жеткізді. Сонымен қатар бір топ ардагерлерге аудан әкімі Мұрат Рахметұлының және аудандық ардагерлер Кеңесінің  төрағасы  Амангелды Мырзағалиұлы Уалиевтың  алғыс хаттары мен  естелік сыйлықтары табыс етілді.

Мерекелік концерттің шымылдығын аудандық Мәдениет үйінің әншісі Райымбек Каримов «Әке-ана» әнімен ашты. Ардагерлер ансамблінің орындауындағы   халық күйі «Келіншек», жас әншілер Дана Қаратаева « Ана жүрегі» және Айзада Бисекованың

«Апау», аудан халқына жақсы танымал күміс көмей әнші Мейрамгүл Дәулетқалиеваның «Анажан» атты  шырқаған әндерін  көрермендер жылы қарсы алды. Көркемдік жетекшісі Шынтемір Рамазановтың сүйемелдеуімен «Ақниет» әжелер ансамблі  «Дедімай-ау» халық  әнін орындаса, «Ақмаржан» халықтық би ұжымының мүшелері «Балапан қаз» халық әнінің әуеніне қойылған биді биледі. Аудандық ардагерлер Кеңесінің  мүшесі және әжелер ансамблінің  әншісі Жұмакулова Меңсұлу әжеміз өз шығармашылығынан «Қарттарым-асыл қазынам» атты  оқыған өлеңі, ауданға танымал  өнерпаздар Елеусін Зейнуллин «Қара кемпірдің зары» айтқан әні және  күйші-домбырашы Жәдігер Мұстафин тартқан «Ақжелең» күйі көрермендердің көңілін бір серпілтті.

Қазақ әнінің көкжиегін кеңейтіп, қалықтатып жүрген «Астанаға-10 жыл» мерекелік медалінің иегері, әнші, сазгер Уахит Сариев ағамыздың  орындауындағы «Бала болып кетемін» атты авторлық  әні барша көрермендердің жылы қөшеметіне бөленді.

Концерттік бағдарлама «Ардагерлер» вокалдық тобының орындауындағы Х.Балабаевтың сөзіне жазылған Қ.Есмұратовтың  «Қазақстан» әнімен  мәреге жетті.

Қариялар құрметіне жайылған дастархан басында аудан әкімі Мұрат Рахметұлы  ата-әжелермен дидарласып жылы лебіздеріне алғысын білдірді.

 

«Шарықтайды күй» атты облыстық «халықтық» атақтар фестивалі

15 қазан күні Жаңақала ауданы орталығында  Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» Орденінің иегері, профессор, күйші композитор Тұяқберді Шамеловтың дүниеден   өткеніне 3 жыл толуына орай «Шарықтайды күй» атты облыстық «халықтық» атақтары  бар оркестрлер арасында фестиваль, Т.Шамелов туралы кітаптың тұсау кесер рәсімі  және атақты дирижер  КСРО және Қазақстанның халық  әртісі, профессор Шамғон Қажығалиевтын бюстін орнату шаралары өткізілді. Бұл шараға қатысқан аудандық халықтық ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен облыстық классикалық әндер байқауының дипломанты, «Дала дарындары» байқауының 2 орын жүлдегері Ақтоты Ешматованың орындауында  Т.Молдағалиевтың сөзіне жазылған  Т.Шамеловтың «Нұрғиса ағама сағыныш» әні орындалса, оркестрдің өзі   Динаның «16 жыл»  күйін ойнап берді. Фестиваль қорытындысымен  аудандардан  қатысқан 6 оркестрлердің әр қайсысына  Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов   алғыс хаттар  табыс етті.