Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Қариялар – елімнің қазынасы» атты мерекелік шара өтті.

 

Шаштарын ақселеу шалған, шынайы шежіре іспетті аға ұрпақ өкілдерінің мерекесі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Туған жер – түнған шежіре» атты көрмені тамашалаудан басталды. Жәнібек ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Ерсайын Құбашевқа сөз беріліп, ол өз кезегінде ұйымның осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарымен бөлісті. Ардақты қарияларымызды аудан әкімі А.Сафималиев құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ардагер-ұстаз Қабаш Жүнісовке «Жәнібек ауданының құрметті азаматы» атағы берілсе, Ақоба ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Мұхамбетқалиевке «Жайық айтысына – 60 жыл» төсбелгісі тағылды. Ақоба, Борсы, Жәнібек, Жақсыбай, Қамысты, Күйгенкөл, Тау, Талов, Ұзынкөл ауылдық ардагерлер кеңестеріне аудан әкімі атынан алғысхаттар табыс етілді. Әрмен қарай ақсақалды ата мен ақ жаулықты әжелерімізге арналған концерт шымылдығын Н.Халелов пен «Жәнібек сазы» халықтық фольклорлық ансамблі ашты. Ш.Каюпова, «Ақ ниет» әжелер ансамблі, А.Ажығалиев, «Надежда» вокалдық тобы, Т.Кафарова әннен шашу шашты. Қарияларымызды №1 мектеп-лицей және Т.Жароков атындағы мектептің ұжымы мен оқушылары құттықтап, керемет көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара ауыл ардагерлері мен Жақсылық Бисенғалиевтің орындауында жерлес сазгер Уахит Сариевтің «Астана» және «Республикам – байтағым менің» әндерімен қорытындыланды. Ақылы дария үлкендерімізге құрмет – ұрпақ сабақтастығының белгісі ғана емес, тәрбиенің де қайнар көзі болып қала бермек.

 

Гүлзара ТӨРЕҒАЛИЕВА