Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты жиында аудан әкімі Азамат Сафималиев талмай еңбек етіп, тынбай ізденіп, ұлт болашағын тәрбиелеп, біліммен сусындатып отырған ұстаздар қауымын мерекемен құттықтап, ізгі ниетін жеткізді. Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін М.Ықсанов атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Шамиль Досжановқа төсбелгі тағылса, бір топ ұстаздар қауымына облыстық білім басқармасы, аудандық білім беру басқармасы, кәсіподақ ұйымы, ұстаздар арасында оздырылған аудандық «Еуропа-Азия – 2018» туристік фестивалінің алғысхаттары табысталды. BilimMediaGroup алдыңғы қатарлы Microsoft және Lenovo компанияларымен бірлесіп дайындаған 46 дана BilimBook дербес оқыту планшеті аудан мектептеріне берілді. «Үздік ұстаздар – 2018» аталымына бірнеше үміткерлер ұсынылған болатын. Мерекелік шарада жеңімпаз ұстаздар анықталып, салтанатты түрде марапатталды. Олар «Үздік директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары – 2018» – Меңсұлу Есенғалиева (Т.Жароков атындағы мектеп), «Үздік директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары – 2018» – Лира Әбілова (Ғ.Қараш атындағы мектеп), «Үздік сынып жетекшісі – 2018» – Айгүл Абдолова (Ғ.Абдуллин атындағы мектеп), «Үздік пән мұғалімі – 2018» – Лаура Исатаева (Ұзынкөл мектебі), «Үздік мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісі – 2018» – Залия Биташева (№1 мектеп-лицей). Концертте аудандық саз мектебінің оқушылары әннен шашу шашып, күй күмбірлетіп, көрермен көңілін бір серпілтті.  

 

Гүлзара Тілекқабылқызы