5 қазан күні   аудан  әкімдігінде  Елбасының «Қазақстандықтардың  әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын  арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау  мақсатында жиын өтті.

 

Аудан активі қатысқан басқосуға аудан басшысы Азамат Сафималиев төрағалық етті. Жарыссөзге жазылған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев Жолдауда айтылған халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру хақында өзіндік пікірін ортаға салды. Өз кезегінде аудандық ішкі саясат  бөлімінің басшысы  Жанар Қошанова мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлердің мәртебесіне,  жоғары білім беру ісінде  оқу орындарының маман дайындау  сапасына қатысты талаптардың күшейтілетініне үн қосып, білім саласындағы оң өзгерістер хақында ой тастады. Аудандық жастармен  жұмыс жөніндегі  ресурстық  орталығының басшысы  Сағынбек Стамов Ұлт көшбасшысының жастарды қолдайтындығына разы болып, жастар жылында атқарылар игі бастамалар көп болатынын жеткізді.Аудан әкімі аппаратының  басшысы Асхат Молдағалиев жиынның қарарын оқыған соң аудан басшысы Азамат Сафималиұлы  аудан белсенділерін ел игілігі үшін бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

 

Қ.Уәлиева