30 қазан күні аудандық мәдениет үйінің фойесінде аудандық отбасылық-демографиялық әйелдер істері жөніндегі комиссияның ұйғарымымен, «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігі мен аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Үйлену оңай, үй болу қиын» атты пікір алмасу кеші болып өтті. Жиынға облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының қатысушылары, жас отбасылар, ауылдық аналар кеңесінің төрайымдары қатысты.

 

Қатысушылар сергіту сәті ретінде тамаша көңіл күймен бастау үшін «Асыл жарым» әнін орындаумен кеш шымылдығын ашты. Ортаға облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының қатысушылары ақобалық Бисенғалиевтер мен таулық Рахмушевтер әулеті шақырылды. Шара барысында меймандар «Ана таңдаған жар» бейнеролигін тамашалап, отбасылық өмірге байланысты түрлі сұрақтар қойылды. Мәселен, отбасында отбасы құндылығы ретінде үйлену, ұрпақ өрбіту сияқты дәстүрге көзқарас, отбасының міндеттерін кім орындайды, отбасының берекесі кімде секілді сауалдарға жауаптар қайтарылып, пікір алмасылды.

 

Кеште аудандық аналар кеңесінің төрайымы Дина Сапашева, аудандық соттың аға сот приставы Берік Төлеуов, ауылдық аналар кеңесінің төрайымдары, ардагерлер Меркен Кенжеғалиев пен Қабаш Жүнісов, зейнеткер Надежда Сажина сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Басқосуды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова мен «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігің төрайымы Ғалия Елемесова қорытындылап, кешке келген қонақтарға шағын сый-сияпаттар табыс етті.

 

Гүлзара Төреғалиева