2 қараша күні  Жәнібек ауылының орталығында екіқабатты сегіз пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Азамат Сафималиев қатысты. — Ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде облыс бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ауданымызда 104 үйдің құрылысы басталған болатын. Былтыр 24, биыл 40 отбасы баспаналы болды. Таяуда тағы 40 пәтер пайдалануға берілмекші. Ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен бұрын әкімшілік ғимараты болған үйді күрделі жөндеуден өткізіп, пайдалануға бергелі тұрмыз. Табиғи газ, су, электр жарығы өткізілді. Осының бәрі Елбасының тапсырмасына сәйкес атқарылуда. Қоныстарыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңызға құт-береке дарысын! – деді салтанатты шарада сөз сөйлеген Азамат Сафималиұлы. Бұдан кейін аудан басшысы мен аудандық мәслихаттың хатшысы Тахир Қадимов көпбалалы және толық емес отбасы иелеріне, бірінші және екінші топ мүгедектеріне, бюджеттік сала қызметкерлеріне пәтерлерінің кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Пәтер иелері атынан сөз алған көпбалалы ана Гүлзада Ашанова қуанышымен бөлісіп, аудан әкіміне шынайы алғысын білдірді. Осыдан соң аудан әкімі Азамат Сафималиев бастаған аудан активі тұрғындардың пәтерлерін көріп, қуаныштарымен құттықтады.

 

 

А.Есіркепов