30 қараша күні Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында салтанатты жиын өтіп, оған аудан орталығындағы мекеме-кәсіпорындардың ұжымдары мен жұртшылық өкілдері қатысты.

 

Жиында аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Азамат Сафималиев құттықтау сөз сөйледі. -1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміз өзінің Тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды. Ал парламент депутаттарының бастамасымен еліміздегі мерекелер күнтізбесіне өзгеріс енгізіліп, жаңа айтулы күн, яғни Тұңғыш Президент күнін атап өту мақұлданған болатын. Бұл Елбасының елге, оның дамуына сіңірген зор еңбегінің бағалануы, туған халқының сеніміне ие болуымен қатар Ұлт Көшбасшысы атанған тұлғаға деген құрмет деп білеміз. Елбасының батыл да байыпты, ұтымды шешімдерінің нәтижесінде мемлекетіміз үлкен өндіріс ордасына, инновациялық және индустриялық ауқымды жобалардың мекеніне айналды. Көз алдымызда халықтың әл-ауқаты жақсарып, тұрмыс жағдайы ілгері басқанын әркім де сезінуде, — деді ол. Бұдан соң Азамат Сафималиұлы Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 21 қарашадағы Жарлығымен марапатталған Мереке Қайдаров пен Наталья Сажинаға «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалін, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Жеміс Бірмановаға «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдістеме бөлімінің көпшілік жұмысты ұйымдастырушысы, аға кітапханашы Қарлыға Қадыралиева, Борсы ауылдық округіндегі «Балапан» балабақшасының меңгерушісі Айнагүл Меңдешева, Жақсыбай ауылдық округіндегі М.Ықсанов атындағы ЖББОМ-балабақша кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Лидия Берікқалиеваларға облыс әкімінің алғысхатын табыстады және «Ермеғалиева» ЖК басшысы Әмина Ермеғалиева, аудандық орталық аурухананың медбикесі Гүлбақыт Хамзина, аудан әкімдігі «Жолаушы» кәсіпорнының механизаторы Сағиолла Жұмағалиев, «Қанат» ЖШС-нің автогрейдер жүргізушісі Асқар Шапиқов, тағы басқа сала қызметкерлерін өз атынан алғысхаттармен марапаттады. Сонымен бірге «Нұр Отан» партиясы қатарына қабылданған бір топ азаматтар мен азаматшаларға олардың мүшелік билеттерін тапсырды. Мерекелік жиын соңы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

А.ЕСІРКЕПОВ

.