Көршілес Қазталов ауданында жұмыс сапарымен болып, жолға шыққан облыс әкімі бірер сағаттан соң Жәнібек ауданының орталығына келді. Өңір басшысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша аудан орталығының батыс беткейінде жаңадан салынып, жақында ғана пайдалануға берілген екі пәтерлік 20 тұрғын үйлердің маңына ат басын тіреді.


Ол осы жерге жиналған жұртшылықпен, еңбек ардагерлерімен және жаңадан қоныс тойын тойлаған тұрғындармен кездесті. -Өткенде бұл үйлер пайдалануға берілгенде Астанада жұмыс барысымен болып, қоныс тойларыңыздың ашылу салтанатына келе алмадым. Облыс бойынша 3500 пәтер салып жатырмыз. Жәнібек ауданында бір жылдың ішінде 48 үй салынып,  дәлірек айтқанда, кезек күтіп тұрған 104 отбасы баспанаға ие болды. Бұл бұрын-соңды болмаған жайт. Жалпы, Жәнібек ауданы «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес тұрғын үй құрылысын пайдалануға беру жағынан облыс аудандарының ішінде көш бастап тұр.  Бұл айналаға жаңа қоныстанған тұрғындар алдағы уақытта тал-терек отырғызып, көшені көгалдандырып, абаттандырулары керек. Айта кетейін, Орал қаласындағы қайсыбір көшелер Сіздер тұрған көшеге жете алмайды. Өйткені, осы маңдағы көшелер таза әрі кең. Сіздерге ендігі қалған  жұмыс осы көшелерді шалғынды, көкорай бау-бақшалы мекенге айналдыру ғана.  Аудан орталығындағы көшелерде 1989 жылдан бері қатқыл табанды жол салынбаса, енді міне, бір айдың ішінде көптеген көшелерге асфальт төселініп тасталған. Алдағы жылы аудан кең жолақты интернетпен қамтылатын болады. Биыл мамыр айында Елбасы облыс орталығына келгенде Қазталов-Жәнібек-Бөкей Ордасы бағытында күретамыр жолды салу туралы тиісті ведомостваларға тапсырма берілетінін айтқан болатын. Оның нәтижесін көріп отырмыз, асфальт жолды салу үшін бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл жол шекараға дейін барады. Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандары жақтан алты бірдей жерден жол салу келесі жылдың көктемінен басталады. Жолмен бірге бұл аудандарға шағын ұшақ әуежайын салу жұмысы қатар жүргізіледі. Сонымен бірге алдағы жылы Жәнібек ауданының орталығында спорт кешені құрылысының жұмыстары басталмақшы. Облыс әкімімен кездесу барысында батыс беткейге қоныстанған Сәмия Өтеғалиева осы төңірекке маршрут желісімен автобустар шығару, сондай-ақ жуырда алған тұрғын үйінің төбесінен су ағып тұрғанын айтса, аудан тұрғыны Самиға Қайырова өз сөзінде А.Байтұрсынов пен Қ.Мусин көшелерінің қиылысындағы шұңқырда  көктемде су толып тұратынын, сол себепті ауруханаға бару үшін көше айналып жүруге тура келетінін, мұны өзі 4 жылдан бері айтып келе жатса да, әлі қорытынды шықпағанын жеткізді. -Елдегі жасалып жатқан жақсылықтарға көңілім толады,-деді еңбек ардагері Бекет Әліпқалиев,-Жасым 77-ге келсе де мұндай оңды өзгерістерді бұрын өзім көрмеген едім. Барға қанағат, жоққа салауат ете білу керек. Біздің ауданның қазіргі келбеті облыс орталығына жақын орналасқан аудандардан еш кем түспейді. Өңір басшысы бізге арнайы келіп, облыстағы атқарылған игі істерді айтып өтті. Облыс бойынша жүзеге асқан жұмыстар көп. Сол үшін Алтай Сейдірұлына айтар алғысымыз, ризашылығымыз шексіз. Аудан орталығының батыс беткейінен жаңа қонысқа ие болған Шынар Каюпова мен Динара Қаресова алған пәтерлерінің жайлы екенін, онда барлық тұрмыстық жағдайдың жасалғанын айтып, облыс әкіміне ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде облыс басшысы теміржолдың арғы бетіндегі көшелерге маршрут желісімен автобус шығаруды, жаңадан пайдалануға берілген үйлердің әрқайсысын тағы да бір қарап, бақылауға алуды аудан әкіміне тапсырды. Бұдан соң облыс әкімі батыс беткейдегі үйлердің біріне қоныстанған аудан тұрғыны Шернияз Шамшиденовтің пәтеріне еніп, жайылған дәмнен ауыз тиді. Бес баласы бар отбасының жағдайымен танысып, қал-жағдайларын сұрап білді. Кездесуге жиналған жұртшылықпен қоштасарда облыс әкімі Алтай Көлгінов Елбасының таяуда жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының ұрпақтар сабақтастығының тінін үзбеуге жол ашатынын, бұл сарын, үндестік, жалғастық қазақ деген халық барда тоқтаусыз, тоғысып жүре беретінін айтып, жәнібектіктерді өткен Тұңғыш Президент күнімен, келе жатқан Тәуелсіздік күнімен және Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтады.


Н.Жапақов