9 қаңтар күні аудандық сот ғимаратында 2018 жылдың жұмысын саралап, талдауға арналған брифинг оздырылды. Онда аудандық сот төрайымы Әсел Жамантаева өткен жылда атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Сот төрайымының айтуынша, 2018 жылдың 12 айындағы төрелігін жүзеге асыру сапасы 2017 жылмен салыстырғанда жақсарған. Әсіресе, азаматтық істердің көрсеткіші көңіл қуантады.


Осы мерзімде 147 азаматтық іс қаралған. Мұнда оңайлатылған тәртіпте 43, бітімгершілік келісім бойынша-7 іс қаралса, медиация тәртібімен 7 іс тоқтатылған. Қайтарылған арыздар 9-ға азайса, қараусыз қалғандар саны-5. Сондай-ақ, 22 қылмыстық іс түсіп, соның ішінде 9 іс тоқтатылды. Медиация тәртібімен 8 іс тоқтатылса, ал 1 іс тараптардың татуласуына байланысты шешімін тапқан. Сонымен қатар медиация тәртібінде тараптардың өзара келісуімен 42 әкімшілік іс тоқтатылған. Ал өкінішке орай ауданда ажырасу 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге көбейіп отыр. Мәселен бұрнағы жылы 13 ажырасу болса, былтыр 25 ажырасу тіркелген.


Аудандық сот төрағасы брифинг соңында өткен жылы сот төрелігін жүргізуден басқа үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, мемлекеттік органдар, аудандық медиаторлармен өткен кездесулер, сот жүйесінің имиджін көтеруге бағытталған іс-шаралар жөнінде баян етті. Шара барысында қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарылды. 

 

Л.ХАЛИНА