7 ақпан күні  Жәнібек ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бопазов пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен келді.


Меймандардың іссапары аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиыннан басталды. Оны аудан әкімі Азамат Сафималиев ашып, жүргізіп отырды. Ол аудан бойынша атқарылған бірқатар істерді атап өтті. Сөз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Дәрібекұлына берілді. Ол өз кезегінде Жәнібек ауданына алғаш рет келіп отырғанын айтып, өзі туралы қысқаша баян етті.


– Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындаған бүгінгі іссапарымыздың мақсаты — ол тұрғындардың ұсыныс-пікірлері, түрлі сауалдарын тыңдап, қаперге алу, — деді халық қалаулысы. Жиынға қатысушылар тарапынан түрлі пікірлер, ұсыныстар, сұрақтар қойылды.


Бұдан соң қонақтар Жәнібектегі шекаралық өткізу бекетіне ат басын тіреп, ондағы жол мәселесіне қатысты шекара басшылығының ұсыныстарын тыңдады. Мәселен, шекара басшылығы жолдан бөлек, бейнебақылау және мал өткізген кезде арнайы ветеринарлық бөлімше керек екенін атап өтті.


Меймандар өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасының  аясында салынып пайдалануға берілген Д.Нұрпейісова атындағы көшеде орналасқан 2 пәтерлі 20 тұрғын үймен сырттай танысып өтті. Сонымен қатар, БҚО тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөліміне келіп, аудан тарихымен, тыныс-тіршілігімен танысты.

 

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ