БҚО төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті мен РФ Волгоград облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының арасында «Трансшекаралық аумақтарда пайда болған табиғи өрттерді жою туралы» бірлескен командалық-штабтық жаттығу өткізілді. 

 

Оған:

 

ҚР ҰҚК Шекара қызметі атынан 2036 әскери бөлім бастығының міндетін уақытша атқарушы, майор Қуанышбек Нүсіп, жергілікті атқарушы орган атынан аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Қаташев қатысты.

     

-Аудан әкімдігінің мәжіліс залында жаттығуға байланысты басқосу өткеннен кейін, ол әрі қарай Жәнібек ауылының шығыс бетінде жалғасын тапты. Мұнда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жедел топ қатысушыларымен кеңес өткізіп, аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығының соңғы жылдардағы трансшекаралық аумақта орын алған өрт деректері туралы баяндамасы тыңдалып, төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттік шекарадан өтуді оңтайландыру туралы мәселелер қаралып, трансшекаралық аумақта төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою мәселелері бойынша жедел топ құрамының бірлескен жоспары нақтыланды. Аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бастығы, азаматтық қорғау майоры Серік Алтаевтың айтуынша, Жәнібек ауылдық округінің өртке қарсы ерікті құрылымының және облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті бөлімшесінің саптық байқауы өткен (далалық жануларды сөндіру бойынша жаттығу өтіп, оған 39 адам мен 11 техникалық бірлік қатысыпты). Далалық жанулар мен өрттерді сөндіру жөніндегі осындай бірлескен іс-қимыл өртке қарсы ерікті құрылым мен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің аудандық бөлімшесі арасында да ұйымдастырылыпты. Аудандағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жоюдың аумақтық жүйесі жұмыс істеудің жоғары режиміне көшіріліпті.

 

Департаменттің жедел тобы жергілікті атқарушы органның облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бөлімшелерімен бірлескен іс-қимылын оң бағалап, өртке қарсы ерікті құрылымдардың бейімделген техникалармен, өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуын жақсы баға алған.