Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова «Россия – страна возможностей» автономды коммерциялық емес ұйымының бас директоры Алексей Комиссаровпен кездесу өткізді.

Кездесу кездейсоқ емес. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясында болашақ басқарушыларды іріктеу бойынша «Россия — страна возможностей» президенттік платформасының флагмандық жобасы — «Лидеры России» байқауы өтуде.

Ресейлік жоба үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Оның басты мақсаты - азаматтардың белсенді бөлігі үшін нақты әлеуметтік лифтілер құру.

Тараптар Қазақстандағы Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.

            «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба жоғары технологиялық және өзгермелі ортада жұмыс істеу дағдысы бар жас мамандарды - «Y» буынының өкілдерін мемлекеттік қызметке тарту арқылы жүйелі жаңартулардың катализаторы болуға тиіс.

Болашақ резервшілерге мемлекеттік аппарат жұмысының стилін барынша тиімділік, мемлекеттік қызмет көрсетудің жоғары сапасы мен халықпен жұмыс істей білу жағына қарай өзгерту бойынша үміт артылады», - деп атап өтті МҚІА басшысы.

Өз кезегінде А. Комиссаров «Лидеры России» байқауының ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету шаралары туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, байқауға деген сенім бірден пайда бола қойған жоқ, Қазақстандағыдай жобаға қатысушылардың тағдырына қатысты мәселелер өткір тұрды.

            «Бүгінгі таңда конкурс жеңімпаздарының ішінен 150 адам белгілі бір лауазымдарға тағайындалды. Біз жеңімпаздарға деген қызығушылық жоғары екенін көріп отырмыз... Байқау барынша ашық өтіп жатқанын мақтан тұтамын», - деді ол.

            «Россия – страна возможностей» автономды коммерциялық емес ұйымының бас директорын кезеңдер, мерзімдер мен іріктелген 300 резервисті одан әрі жұмысқа орналастыру мәселелері ерекше қызықтырды.

Кездесуде А. Комиссаров Қазақстанның мемлекеттік қызметін қалыптастыру жүйесі және елдегі кәсіби аппаратты құрудың жетістіктері туралы хабардар болды.

Сонымен бірге, МҚІА басшысы алдымыздағы мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері санының 25% - ға қысқаруы туралы айтты.

 «Мемлекеттік басқарудың жалпы контекстінде барлық қабылданып жатқан шаралар ықшам, бірақ тиімділігі жоғары және кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған», - деп атап өтті А. Жаилғанова.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің мемлекеттік қызметінің кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған кәсіби байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және «Россия – страна возможностей» автономды коммерциялық емес ұйымы арасында ынтымақтастық және кәсіби байланыстарды дамыту туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандумда көзделген бірлескен іс-шараларды өткізудің арқасында тараптар арасындағы өзара қызығушылық тудыратын салалардағы кәсіби байланыстардың жаңа деңгейіне қол жеткізіледі деп күтілуде.