«Азаматтық белсенділік – ол   тек  елдің ең алдымен, білегін  түрініп шыға келетін  елгезектігі емес,  ол – бүгінгі  күн пәрменімен  ертеңгі келешектің  көкейкесті   мүддесін  тапжылмай  танып барып  қайратқа жүгініп, әрекетке  жүгіретін  қапысыз көрегендік», - деп Әбіш Кекілбаев айтқандай,  жасампаз, мәңгілік мамандық иесі болып табылатын ұстаздар қауымы  қашанда уақыт талабына – іспен жауап  қағидасына сүйеніп, азаматтық белсенділік таныта білгендігіне тарихымыз куә.

Сонау Ұлы Отан соғысының отты майданына  аттанғандардың  елде жолына қарап,  ақжол тілеп қалған қаракөз аманаттарына ілім-білімнің жарық сәулесін шашқан жерлес мұғалімдер туралы қандайда бір дерек іздеп аудандық мемлекеттік архивке бардық.
Ұрпақтың ой-санасына сәуле нұрын  құйып,  бойына жігер, қадамына  қайрат тілеген білімнің қайнар бұлағы, ғылымның жарық шырағы  бола білген мұғалімдері туралы майдангерлер мен тыл ардагерлерінен сұхбат алғанымызда олардың «Шіркін-ай! Пәленшекеңнің тәлімі терең, білімі теңіз,  тәрбиесі мықты  еді-ау» деп сүйсінгендеріне сан мәрте куә болған едік. Қолымызға «Колхозшылар  шаруашылықтарының  негізгі  өндірістік көрсеткіштерінің  шаруашылық кітапшасын» (одан әрі кітапша. Автор.)  алдық. Латын қарпімен жазылғандарына тісіміз батпай, ішінара кирилл  әрпімен  орыс тілінде  жазылған мәліметтерді сүзіп шықтым.   Оқиық.
«Күйгенкөл»  колхозының  1943 жылғы  кітапшасында мынадай деректер берілген.  Сағи Артығалиев отағасы, 1915 жылғы, сауатты,  оқытушы, Райхан Артығалиева  әйелі, 1922 жылғы,  Марат Артығалиев баласы, 1942 жылғы; Меншігінде бір сиыры бар. (21-бет).
Р. Өтеғалиева (Есімі көрсетілмеген). 1918 жылғы, сауатты, оқытушы.  Меншігінде жалғыз  сиыры бар. (30-бет).
Бәтес Меңдібаева, 1922 жылғы, оқытушы. Меншігінде бір сиыры бар. (34-бет).
Үмбет Насимуллин, 1918 жылғы, сауатты, негізгі білім беретін мектептің директоры.  Меншігінде бір сиыры бар. (35-бет).
К. Джумаев (Есімі көрсетілмеген). 1920 жылғы, оқытушы. Меншігінде бір сиыры бар. (36-бет).
Меруерт Маңхина, 1922 жылғы, оқытушы. Меншігінде екі сиыры бар. (37-бет).
(Қор:7, Тізбе:2, Іс:9, Бума:2);
«Жасқайрат»  колхозының  1943-1945  жылдардағы  кітапшасындағы деректерге көз салсақ.
Тика Қарағойшина, отанасы, 1924 жылғы, сауатты, негізгі білім беретін мектептің оқытушысы,  1943 жылы  меншігінде бір, 1944 жылы екі,  1945 жылы екі  сиыры болған. (19-бет).
(Қор:7, Тізбе:2, Іс:14, Бума:2);
Хата Ғимранов  1909 жылғы, сауатты, негізгі білім беретін мектептің директоры. 1943 жылы  меншігінде төрт, 1944 жылы үш сиыры болған,  1945 жылғы меншігі көрсетілмеген. (13-бет). «Жасқайрат»  колхозы. 
(Қор:7, Тізбе:2, Іс:20, Бума:3);
«Ворошилов»  колхозының  1943-1945  жылдардағы  кітапшасындағы деректерді оқиық.
Ахмет Жадыралиев 1884 жылғы, оқытушы, 1943 жылы  меншігінде төрт, 1944 жылы екі сиыры болған,  1945 жылғы меншігі көрсетілмеген. (8-бет).
(Қор:7, Тізбе:2, Іс:18, Бума:3);
Сәпия Аметқалиева  1918 жылғы, оқытушы, 1943 жылғы  меншігі көрсетілмеген, 1944 жылы екі сиыры болған,  1945 жылғы меншігі көрсетілмеген. (22-бет).
(Қор:7, Тізбе:2, Іс:18, Бума:3);
Сәбилә Ержанова  «Жасқайрат» орталау мектебінің мұғалімі. Туған жылы, отбасы құрамы, жеке меншігі көрсетілмеген.  (20-бет).
(Қор:7, Тізбе:2, Іс:6, Бума:2);
Рухани тұрғыдан қатарластарынан оқ бойы озық тұрып, ұлтының ұйытқысы бола білген, Ұлы Отан соғысы жылдарында білім саласының  кенже қалмауын қалт етпей қадағалаған ұстаздардың рухына бас иеміз.
Меңдігүл ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ