Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Тау ауылдық модельді кітапханасында ағымдағы жылдың 9 сәуірі күні «Ер тұлғалы батырлар» тақырыбында оқушылар арасында батырлар жырын жатқа айту сайысы оздырылды. Шараға Ғ.Абдуллин атындағы ЖОББМ-нің 7-сынып оқушылары қатысты. Шара барысында қатысушылар «Махамбет батыр», «Сырым батыр», «Исатай батыр», «Алпамыс батыр» жырларынан үзінділерді жатқа айтып, мәтінде кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндіріп, өздеріне қойылған сұрақтарға толық жауап берді. Шараның басты мақсаты – балалар арасында кітап оқуды жолға қою. Баршамызға белгілі қазақ әдебиеті мен мәдениеті жыр-дастандар мен эпостарға бай. Бұл шара ата-бабаларымыздан қалған сол асыл мұраны жаңғырта отырып, насихаттауды көздейді. Сондай-ақ оқушылардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілетін дамытуға жағдай жасап, халық поэзиясына деген патриоттық сезімін қалыптастыру болып табылады. Шара соңында кітапхана меңгерушісі Г.Газизова «Ер тұлғалы батырлар» атты тақырыпта кітап көрмесіне шолу жасап, оқушылар «Жаужүрек мың бала» фильмін тамашалады.