Осындай атаумен бүгін, 12 сәуір – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына тура 2 жыл болуына орай ауданымызда облыстық конференция оздырылды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне міне бүгін екі жыл. Өткен екі жылда аталмыш мақала аясында аудан көлемінде біркелкі жұмыстар жүзеге асты. Бүгінгі конференция аудандық мәдениет үйінің фойесінде аудандық мәдениет,тілдерді дамыту,дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Бекежан Биболатұлының жергілікті қолөнер шеберлері Төлебек Есімғалиев пен Орынғали Исентаевтың және мектептен тыс жұмыстар орталығының туындылары қойылған көрмені таныстыруымен басталды.«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша белсенді азаматтар мен демеушілердің,кәсіпкерлердің туған жерін дамыту мақсатында ұсынған аудан көлемінде биылғы жылға жоспарланған жобалар туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Диясқызы ақпарат берді.

Облыстық конференцияның модераторы аудандық "Рухани жаңғыру" кеңсесінің жауапты қызметкері Ахмедияр Қуанұлы алғашқы сөз кезегін аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Каримоллаұлына ұсынды. Ол өз кезегінде екі жылда бағдарламалық мақала аясында аудан деңгейінде атқарылған келелі істерге кеңінен тоқталып өтті.
Аудан әкімінің орынбасарынан соң сөз кезегі Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан тарихы және өлкетану ғылыми орталығының жетекшісі Жаңабек Жақсығалиевке берілді. Ол «Рухани жаңғыру ұлттық бірегейлік (қазақ халқының генетикалық коды мысалында)» тақырыбында баяндама оқып, ұлттық құндылықтар, тектілік, адамгершілік қасиеттерін тілге тиек етсе, Жәнібек ауданының құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, ұлағатты сөзімен көпшілікті ұйыта білген қазыналы қария Бекет Әліпқалиұлы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаткерлік және көрегендік қасиеттеріне тоқталып, елімізді төрткүл дүниеге таныта білгенін айта келіп, ауданымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ел азаматтарының қолдауымен жүзеге асқан жұмыстар барысына ризашылығын білдірді.