Діни ахуал

17 қараша күні ББ А.Оразбаева атындағы негізгі мектебінде «Бала құқығы-адам құқығы» атты құқық апталығы аясында «Дінсіз тәрбие-тамырсыз көшет» ата-аналармен теолог маманның кездесуі оздырылды. Кездесудің мақсаты: ата-аналардың діни сауаттылығын арттыру, бала тәрбиесіндегі дін мәселесі көңіл бөлу.

Кездесуге теолог маман Кенжегалиев Ренат Шафхатұлы және Жәнібек аудандық мешітінің наиб имамы Насыров Қуандық Берікұлы қатысып бала тәрбиесіндегі дін мәселесі жөнінде мағұлматтар беріп, «Бала мінезін тәрбиелеу» атты видеоролик көрсетіп, ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

9 қараша күні аудандық ауруханада «Дәстүрлі отбасылық құндылықтар және тәрбие мәселесі» атты тақырыпта ақпараттық топ мүшелері аурухана қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесуді барысында жастарға ұлттық тәрбие беру, ата-баба аманатын қадірлеу, халқымыздың салт-дәстүрін сақтау турасында ғибратты әңгімелер айтты. Жиын соңында тақырыпқа қатысты бейнероликтер көрсетілді.

Діни мәселелер мен діни білім  беруді ұйымдастыру қандай заманда болмасын, қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды күрделі мәселелердің бірі болып келген. Қазіргі кезеңде де дін – қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің маңызды құрамы. Дін арқылы адамдар өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға талпыныс жасауда. Бүгінгі мәдениеттану, антропология және социология саласының теоретиктері дінді мәдениеттің және өмірдің ең маңызды құрамдас бөлігі деп санайды. Дінсіз қоғам болмайтындықтан, дінсіз өмір де, мәдениет те болмайды. Дін әлеуметтік құбылыс һәм қоғамды қалыптастыратын ұйытқы ретінде адамзат өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Кейбір идеологтар мен радикалды діни ағымдар, топтар діннің осы рөлін пайдаланғысы келеді. Бүгінгі күні дүние жүзінде орын алып жатқан саяси, әлеуметтік, мәдени һәм экономикалық оқиғалардың негізінде діни факторлардың бар екенін айту жаңсақтық болмас. Қоғам құрылысының анатомиясында діннің алатын орны ерекше. Елдің ынтымағы мен тұрақтылығын сақтайтын да осы діннің өзі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы. Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады», - дегені орынды айтылған. Дегенмен, қоғамда жат пиғылды деструктивті діни ағымдар көрініс табуда. Сан ғасырдан санамызда қалыптасқан ата-баба дәстүрін адасушылық деп танитын радикалды ағым бағытындағылар ұлт тағдырына көлеңке түсіруде. Соңғы жылдары елімізде рухани сауаты төмен жастар Мысыр, Сауд Арабиясы, Пәкістан сынды мұсылман елдерінде діни білім алып, бізге теріс ағымдарды жеткізді. Діни алауыздық болған жерде бақ – береке қонбайтынына тарих куә. Оған өткен жылғы Ақтөбедегі лаңкестік оқиға мысал. Осы оқиға кезінде Отанын, дінін, халқын қорғау жолында жанын пида етіп ерлікпен қаза тапқан жақсыбайлық жерлесіміз Берікжан Қалиевтің іс қимылы елге өнеге. Ол ұрпаққа ұран болатын ерлік көрсетті. Оның ерлігін елі лайықты бағалауда, Отанның жоғары наградасымен ерлік ісі марапатталды, туған жерінде мемориалдық тақта орнатылды. Берікжанның ерлігі бізді әрқашанда рухымыздың бірлігіне, елдің тыныштығын қорғауға шақырады. Соңғы жылдары қоғам мен мемлекеттің қолдауымен сауатты да терең білімді жас мамандар діни ахуалды жақсарта бастады. Ауданымызда «Нұр - Мүбәрәк» университетінің түлегі теолог Азат Қаратаев тым тәуір жұмыс жасап, «Кәусар» қоғамдық бірлестігін құрды.

Негізі қоғаммен діни тақырыпта жұмыс істеуде тек құрғақ мәлімет жеткіліксіз. Олармен арада рухани тығыз қарым – қатынас та болу керек. Балалармен білікті дінтанушы, психолог, педагог мамандар қазірден бастап жұмыс жасайтын болса, келешекте рухани күйзеліске түсуден, радикалды топтар мен теріс пиғылды ағымдардың жетегінде кетуден сақтап қаламыз. «Баланы жастан» деген аталы сөз бар емес пе, жас кезінен бастап дүниетанымын дұрыс қалыптастырса, өзге радикалды діни ағымдардың жетегіне еріп кетпейтін болады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Рухани жаңғырудың негізгі іргетасы ол – ұлттық кодты сақтай білу, онсыз жаңғыру деген құр жаңғырыққа айналады» деген болатын. Ал халқымыздың ұлттық коды – ол қазақтың тілі, ділі, діні, материалдық және рухани мәдениеті мен салт – дәстүрлері және әдет – ғұрыптары. Міне, осылар топтаса келіп, қазақ халқының ұлттық менталитетін құрайды. Сондықтан оларды ғасырларға созылған тарихымыздың айнасы ретінде жадымыздан шығармай жаңғыртайық.

Амангелді Уәлиев,

аудандық ардагерлер кеңесінің

төрағасы

Аудан орталығындағы Т.Жароков мектебінде ақпараттық топ мүшелерінің қатысуымен 8-11 сынып оқушыларына «Жастардың рухани және патриоттық тәрбиесі» атты шара оздырылды. Аталмыш шара барысында ұстаз бен ата-ананы сыйлау турасында, отбасы және патриоттық тәрбие бағытында тағылымды әңгімелерін өрбітіп, бейнеролик көрсетілді.

12 қазан күні Борсы ауылдық кітапханасында «Дәстүрлі емес діни ағымдар-ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер» атты сұхбат кеш ұйымдастырылды. Шараның мақсаты жастарға мұсылман діні және теріс бағыттағы діни бірлестіктер туралы білімдерін кеңейте отырып, ой-өрісін, қиялын, қызығушылығын, белсенділігін, құштарлығын, яғни, адами қасиеттерін қалыптастыру, ана тілін сүюге, ата-салтын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып бабалардан қалған ұлағатты, ғибрат сөздерді түсіндіріп, содан үлгі-өнеге алуға баулу.

 

А.Оразбаева негізгі мектебі бойынша:

  1. Бастауыш сынып оқушыларының дін туралы түсінігін анықтау мақсатында 4 сынып оқушылары арасында «Дінсіз тәрбие – тамырсыз көшет» тақырыбында сурет байқауы
  2. 5-6 сыныптар арасында «Дін – тәрбие діңгегі» авторлық өлең байқауы
  3. 6-9 сыныптар арасында «Дін діңгегіміз» тренингі оздырылып, тренинг барысында оқушылар дін туралы ойларын ортаға салды, алған әсерлерімен бөлісті және «Дін – тәрбиенің рухани тірегі» атты баяндама оқылып, діннің бала тәрбиесіндегі орын туралы бейнеролик көрсетілді.
  4. 7 сынып оқушылары «Дініңді сатпа, салтыңды сақта, сенімді ақта!» тақырыбында эссе жазды
  5. 9 сынып оқушыларына «Зайырлы Қазақстан» тақырыбында шығарма жаздырылды.

 

Е.Ниетқалиев атындағы ЖББОМ:

  1. 8-11 сыныптар арасында «Елім үшін не істей аламын» атты монолог
  2. 7-10 сыныптар арасында «Бабалар жолы» жас ақындар байқауы, «Ибалы адам, иманды қоғам» әлеуметтік жарнамалар
  3. 7-11 сынып оқушыларының қатысуымен «Жалған діни ағымдар» тақырыбында театрландырған көрініс
  4. Оқушылар мен ата – аналардың қатысуымен жат діни ағымға әуестенудің алдын алу және түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында «Имандылық жүрекке ұяласа» дөңгелек үстел
  5. Сонымен қатар жалпы оқушылармен «Біз –қауіпсіз өмірді қалаймыз!» тақырыбында суреттер байқауы, «Жасөспірімдердің діни тәлім-тәрбие мәселесіне көзқарасы» тақырыбында тәрбие сағаттары, «Жасөспірімдердің терроризм мәселесіне көзқарасы» тақырыбында конференция
  6. Ауылдық учаскелік полиция инспекторының қатысуымен 8-10 сынып оқушыларымен дөңгелек үстел өткізіліп, жалған қоңыраудың алдын алу бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

 

9 қазан күні жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың теолог маманы Ренат Кенжеғалиев №1 мектеп лицейінде 7-8 сынып оқушыларымен кездесіп, асыл дініміздің қағидалары, діни экстремизмнің алдын алу, жат ағымдардың ықпалына түспеудің жолдары туралы мәлімет беріп, оқушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.